Токио Олимпиадасының чемпионы, Ресейдің төрт дүркін чемпионы Альберт Батыргазиев әуесқой боксқа қайта оралатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Саранск қаласында өтіп жатқан ерлер арасындағы Ресей чемпионатына құрметті қонақ ретінде барған боксшы мансабына қатысты маңызды шешімін жариялады.
«Үзіліс алып, жарақаттарымды емдеп, толық қалпыма келдім. Енді қайтадан бар күшімді салуға дайынмын. Қаңтар айында өтетін Ресей кубогына дайындаламын. Оған дейін халықаралық немесе бүкілресейлік турнирлердің біріне қатысуым керек.
Неліктен қайта оралдым дейсіз бе? Бұл эмоцияларды ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың. Көрермендердің, достарым мен ата-анамның қуанышын қайта сезінгім келеді. Жанкүйерлерді қуантқым келеді. Ал кәсіпқой бокста әзірге үзіліс. Әуесқой боксқа оралып, Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына дайындалғым келеді. Бірақ алдымен іріктеуден өту керек. Әзірге бәрі сөз жүзінде ғана, енді оны іс жүзінде дәлелдеу қажет», — деді Батыргазиев.
Айта кетейік, Альберт Батыргазиев — Дағыстан Республикасының Бабаюрт ауданындағы Геметүбе ауылында дүниеге келген. Ұлты — ноғай.
