Нұрбек Оралбайдың жеке бапкері боксшының Азия ойындарындағы жеңілісіне не себеп болғанын айтты, деп жазады Jibek joly радиосына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Бапкердің пікірінше, Нұрбек Оралбайға 90 келі салмақтағы жекпе-жекте күш, физикалық қуат пен жылдамдық жетіспеген. Дегенмен ол шәкіртінің техникасы мен тактикасы жағынан екінші және үшінші раундтарда басымдық танытқанын атап өтті.
«Хабибуллаев — 90 келіде қазіргі әлем чемпионы. Ливерпульдегі жарыстан бері бірде-бір рет жеңілген жоқ. Әлемдік рейтингте осы салмақтың бірінші сатысында тұр. Екеуіне де бұл ең қиын жекпе-жек болды. Бойдан кейін өзі де келіп, Нұрбектің де, менің де қолымды алды.
Неге жеңілдік? Менің жеке ойымша, күш, физикалық қуат пен жылдамдық жетіспеді. Осы үш компонент маңызды болды. Ал техника мен тактика жағынан екінші және үшінші раундтарда басым болдық деп ойлаймын. Алдағы жарты жылда Нұрбек 90 келі салмағына толық бейімделіп, әлемдік рейтингте көш бастайды деп сенемін», — деді Асқар Еркебаев.
Айта кетейік, Нұрбек Оралбай мен өзбекстандық Тұрабек Хабибуллаев арасындағы екі кездесуде де өзбек боксшысы басым түсті.
