Қазақстандық JENYS кәсіби дзюдо клубы Парижде өткен ECC Champions League 2026 турнирінде қола медаль жеңіп алды, деп жазады Sportbugin.kz.
Қола жүлде үшін өткен кездесуде қазақстандық команда франциялық Judo Nice Métropole клубымен белдесті. Негізгі кездесулер 3:3 есебімен аяқталып, шешуші белдесуде Лука Маисурадзе Тизи Гнамьенді жеңді.
Осылайша, JENYS 4:3 есебімен басым түсіп, турнирдің қола жүлдегері атанды. Команда сапында Михаэла Поллерес пен Дана Әбдірова да жеңіске жетті.
Айта кетейік, JENYS клубы Чемпиондар лигасында екінші жыл қатарынан қола медаль иеленді. Былтыр қазақстандық команда Белградта өткен жарыста да үшінші орын алған болатын.
