Болгарияда өткен көркем гимнастикадан Еуропа чемпионатында украиналық гимнасттар Варвара Чубарова мен София Краинская марапаттау рәсімінде жеңімпаздардың әнұраны орындалған кезде құлаққап киіп, жүздерін қолдарымен жапқан, деп жазады Sportbugin.kz.
Чубарова доппен жаттығу финалында күміс жүлде алса, Краинская лентамен жаттығуда екінші орынға тұрақтады.
Варвара Чубарова бұл әрекетін түсіндіре отырып, туған қаласы Днепрдегі ауыр жағдай туралы айтты. Оның сөзінше, қалада әуе шабуылдары жиілеп, жаттығулар дабылдарға байланысты жиі үзіледі. Спортшы күн сайын жаңалықтарды бақылап, жақындарымен байланыста болатынын, ата-анасының қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді.
«Қорқыныш бар, бізге де оңай дейсіздер ме? Бірақ украиналықтар мықты болғандықтан бәріне төтеп беріп келеді», — деді Чубарова.
Еске салайық, Халықаралық гимнастика федерациясының атқарушы комитеті 2022 жылдың ақпанынан бері күшінде болған Ресей мен Беларусь спортшыларына қатысты барлық шектеулерді алып тастады.
