Венгрияда күрес түрлерінен өтіп жатқан рейтингілік турнирдің алғашқы жарыс күні аяқталды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Алғашқы жарыс күнінде боз кілемге еркін күрес шеберлері шығып, Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.
61 келі салмақта Асыл Айтақын финалда Түркия өкілі Толга Өзбекпен 2:2 есебімен тең түсіп, қосымша көрсеткіш бойынша жеңіске жетіп, турнир чемпионы атанды.
74 келіде Нұрқожа Қайпанов финалда Қытай балуаны Фэн Луге қарсы белдесіп, тартысты өткен кездесуде 3:3 есебімен тең аяқтады. Алайда соңғы нәтижелі әдіс қарсыластың еншісінде болғандықтан, қазақстандық балуан күміс жүлдегер атанды.
Ал қола жүлдені 57 келіде Нұрданат Айтанов пен Мейрамбек Қартбай, 61 келіде Әділет Әлмұхамедов және 65 келіде Начын Қуулар жеңіп алды.
Айта кетейік, Венгриядағы халықаралық рейтингілік турнир 15-19 шілде аралығында өтеді.
