4-5 қыркүйек күндері Ақтөбе қаласында таеквондодан (WT) 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында Қазақстан чемпионаты өтеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Ел біріншілігіне Қазақстанның барлық өңірінен 227 жас спортшы қатысып, өз салмақ дәрежелері бойынша чемпиондыққа таласады.
Айта кетейік, U21 жас санатындағы Қазақстан чемпионаты елімізде биыл екінші рет өткізілгелі отыр. Өткен жылғы ұлттық біріншілікте үздік шыққан спортшылар кейін Кенияда өткен әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғады.
Аталған жарыста Батырхан Төлеуғали мен Бейбарыс Қаблан әлем чемпионы атанса, Тамерлан Тлеулес қола жүлдеге ие болған еді. Жалпы Қазақстан құрамасы жастар арасындағы әлем чемпионатынан 2 алтын және 1 қола медальмен оралды.
Ақтөбедегі Қазақстан чемпионатының жекпе-жектері Қазақстан таеквондо федерациясының ресми YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
