Қырғызстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға Қазақстанда өткен ойындармен салыстырғанда әлдеқайда аз қаржы жұмсаған, деп хабарлайды Sportbugin.kz «Дядя Ваня» Telegram арнасына сілтеме жасап.
Ашық деректерге сәйкес, Қырғызстан Көшпенділер ойындарын өткізуге 336 миллион сом немесе шамамен 3,8 миллион доллар бөлген. Оның ішінде 64 миллион сомы спортшыларға берілетін жүлде қорына бағытталған.
Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға мемлекет тарапынан 5,7 миллиард теңге бөлінген. Ал демеушілер мен серіктестердің қаражатын қоса есептегенде, жарыстың жалпы операциялық бюджеті 8 миллиард теңгеге жуықтаған.
Астанада өткен додада жүлде қоры 250 миллион теңгені құрады.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге әлемнің ондаған елінен келген спортшылар қатысып, ұлттық спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтауда.
