Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Нариман Құрбанов финалға шыға алмады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Ат үстіндегі жаттығудың іріктеу кезеңінде өнер көрсеткен қазақстандық гимнаст 11-орынға тұрақтап, финалға жолдама ала алмады.
Жарыстан кейін Нариман Құрбанов сәтсіз өнер көрсетуінің себебін түсіндірді. Оның айтуынша, бағдарлама барысында элементтердің бірін сәл жеңілдетуге шешім қабылдаған. Жаттығудың негізгі бөлігі сәтті өткенмен, комбинация соңында күтпеген қателік жіберген.
«Элементтердің бірін сәл жеңілдетуге шешім қабылдадым. Бәрі жақсы өтіп жатты, бірақ комбинация соңында күтпеген қателік болды. Босаңсып кеттім деп айта алмаймын. Дегенмен бір сәтте бәрі аяқталды деп ойлап қалдым. Содан аттан құлап кете жаздадым. Бұл өте өкінішті қателік болды, өйткені жаттығуды сенімді орындап келе жатқан едім.
Әрине, барлық ойым алтын медальда болды. Қазір болған жағдайды толық түсіну әлі қиын. Алғашқы бірнеше сағатта не болғанын бірден ұғына қоймайсың. Кейін бейнені қайта қарап, қателерді іздей бастайсың. Сонда бәрі жақсы өтіп жатқанын және бұл жерде өзімнің ғана қателескенімді түсінесің. Жарақат та, басқа да мәселе болған жоқ.
Психологиялық тұрғыдан да бәрі жақсы еді. Тек сол сәтте элементті жеңілдетуге шешім қабылдадым. Бұл шешім өзіме қарсы жұмыс істеді», — деді Нариман Құрбанов olympic.kz сайтына берген сұхбатында.
