Бапкер Берік Абдуллаев Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің бокс техникасына тәнті болды, деп жазады Sportbugin.kz.
Бапкер шәкірттеріне Данияр Елеусіновтің 2016 жылы Рио Олимпиадасында өзбекстандық Шахрам Гиясовқа қарсы өткізген финалдық жекпе-жегін мысалға келтірді.
«Данияр Елеусінов деген ағаларың бар ғой. 2016 жылы Рио Олимпиадасында ағаларыңның қабағы жыртылып кеткен. Даниярдың сезімталдығы, аяқ жұмысы, техникасы мықты болды. Финалда Шахрам Гиясов деген өзбек боксшысымен шықты. Ол — шабуылға бейім, соққысы жойқын боксшы.
Шахрам Гиясов тақап тұрып ұрса да, Данияр ағаларың бір де бір соққысын да тигізген жоқ. Бізде қазір Данияр ағаларың сияқты техникасы мықты боксшы жоқ. Аяқта қозғалатын, қарсыластың соққысын өткізбеймін десе өткізбейтін боксшы жоқ», — деді Берік Абдуллаев.
