Каратэші Мөлдір Жаңбырбай полиция қызметкерлерін сынап, дабыл қақты. Спортшының келіні мен сәбиін Қызылордада көлік қағып, сәби ауруханада көз жұмса, анасы жансақтау бөлімінде жатыр деп жазады Sportbugin.kz.
Спортшының айтуынша, 13 қазан күні сағат 17:30 шамасында оның інісінің әйелі Наргиз бес айлық ұлымен, көшеде серуендеп жүрген. Осы кезде Сағынбаев көшесінен Құлтекенов көшесіне бұрылған көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, анасы мен баланы қағып кеткен.
«Соққының қатты болғаны соншалық, анасы мен сәби бірнеше метрге ұшып кеткен. Әйел бір жаққа, ал бала жолдың ортасына құлаған. Көлік жүргізушісі оқиғадан кейін көлігін, телефонын, тіпті аяқ киімін де сол жерде қалдырып, қашып кеткен. Жедел жәрдем мен полиция келгенге дейін күдікті қаладан кетіп қалған деген ақпарат бар. Өкінішке қарай, бес айлық сәби ауруханаға жеткенде көз жұмған. Ал анасының жағдайы өте ауыр. Наргиз үшінші күн қатарынан жансақтау бөлімінде жатыр»,-деді спортшы.
Келінінің жамбас сүйегі екі жерден сынған. Денесінің сол жақ бөлігі иығынан өкшесіне дейін ауыр жарақат алған. Сонымен қатар бас сүйегі сынып, басында гематома пайда болған.
Қазір ол ауыр жағдайда, есін бірде жиып, бірде жоғалтып жатыр.
Спортшы мен жақындарын жүргізушінің әлі күнге дейін ұсталмағаны алаңдатады. Полиция қызметкерлері күдіктінің ұстала алмай жатқанын сабырлы түрде жеткізген. Сондай-ақ Мөлдір Жаңбырбай бұл адамның бұған дейін де бірнеше жол апатына себеп болғанын айтты.
«Біздің басты мәселеміз — бұған дейін екі адамды қағып кеткен кезде бұл адам ұсталғанда, мұндай жағдай болмас па еді? Қазір бес айлық сәбиімізден айырылып отырмыз. Ал анасы жансақтау бөлімінде жатыр. Жүргізуші әлі күнге дейін ұсталмай отыр», — деп дабыл қақты.
Айта кетейік, жол апатына қатысты полицияның ресми түсініктемесі мен күдіктінің қазіргі мәртебесі туралы мәлімет әзірге белгісіз.
