Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатының екінші күнінде грек-рим күресінен жарыс жолына шыққан үш балуанымыз да қарсыластарына есе жіберді, деп жазады Sportbugin.kz.
72 келіде Алматбек Аманбек алғашқы белдесуінде Хорватия өкілі Павел Пуклавецтен басым түсті. Алайда ширек финалда Грузия балуаны Иури Ломадзеге 3:6 есебімен жол беріп, жартылай финалға шыға алмады.
97 келіде Ислам Евлоев алғашқы белдесулерінде алдымен мысырлық Мұхаммед Габрды 5:1 есебімен жеңіп, кейін литвалық Миндаугас Венцкайтистен басым түсті. Дегенмен ширек финалда болгариялық Кирил Миловқа тушемен есе жіберіп, жарысты аяқтады
130 келіде Олжас Сырлыбай әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуінде Иран балуаны Фардин Хедаятиге 0:8 есебімен жеңілді. Отандасымыздың жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігі қарсыласының финалға шығуына байланысты.
Осылайша, бүгін боз кілемге шыққан үш қазақстандық балуанның ешқайсысы жартылай финалға өте алмады.
