2-7 қараша аралығында Астанада AUYL SPORT-2026 республикалық турнирі өтті. Алты күнге созылған жарыста ауыл жастары спорттың сегіз түрінен бақ сынап, үздіктерді анықтады, деп жазады Sportbugin.kz.
Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, Тимур Құлыбаевтың авторлық жобасы жыл сайын ауқымын кеңейтіп келеді.
«AUYL SPORT — ауыл балаларына арналған жоба. Еліміздің ауылдарында спортпен шұғылданып, жеңіске жетіп жүрген талантты балалар көп. Олардың арманы мен мақсаты ауылмен шектеліп қалмасын деген ниетпен бұл жобаны 2024 жылы қолға алдық. Алғашқы жылы жеті спорт түрінен бастасақ, қазір олардың саны сегізге жетті. Жыл сайын жобаның ауқымы кеңейіп келеді», — деді Ғалымбек Жақсылықов.
Ол биылғы турнирдің елордада ұйымдастырылу себебін де түсіндірді.
«Алғашқы екі маусымды Алматыда өткіздік. Биыл үшінші маусымды Астанада ұйымдастырып отырмыз. Мұндағы мақсатымыз – өңірлерден келген чемпиондарымызға елордамызды көрсетіп, оның тыныс-тіршілігімен таныстыру», — деді.
Ғалымбек Жақсылықов турнирге қатысушылар санының артқанын айтып, үздік нәтиже көрсеткен ауылдарға спорттық алаң салу жоспары туралы жеткізді.
«Екі жыл бұрын жарысқа 250-ден аса бала қатысты. Биыл 17 өңірден 449 ауылдың баласы осы додада бақ сынады.
Қордың он жылдығына орай алдағы үш жылда ең үздік нәтиже көрсетіп, чемпиондары көп шыққан үш ауылға келер жылы бір-бірден ашық спорт алаңын салып береміз. Мұны 12-15 жастағы балалардың жетістігі арқылы өз ауылына қосқан үлесі деп білеміз. 2026 жылғы жарыстың қорытындысы бойынша 2027 жылы үш ауылға спорт алаңын саламыз», — деді Ғалымбек Жақсылықов.
