Астанада 2-7 қараша аралығында өткен AUYL SPORT-2026 республикалық турнирі мәресіне жетті. Биылғы додаға еліміздің 17 өңірінен 350-ден астам жас спортшы қатысты, деп жазады Sportbugin.kz.
Бүгін жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Спортшыларға марапаттарды елімізге танымал спорт қайраткерлері табыстады. Олардың қатарында белгілі бапкер Тұрсынғали Еділов пен бокстан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев бар.
Жас спортшылар шахмат, футбол, волейбол, баскетбол, бокс, үстел теннисі, күрес және каратэ спорт түрлері бойынша бақ сынады.
Айта кетейік, AUYL SPORT республикалық турнирі биыл үшінші рет ұйымдастырылды. Жобаның негізгі мақсаты — ауылдық жерлердегі балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту және талантты спортшыларды анықтау.
