Қазақстан алғаш рет таеквондодан беделді халықаралық жарыс — World Taekwondo Grand Prix турнирінің финалын қабылдайды, деп жазады Sportbugin.kz.
Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Кудрат Шамиев дайындық барысы мен отандық спортшылардың алдына қойылған мақсат туралы айтты.
«Әрине, бұл — үлкен жарыс. Бірақ үлкен жарыспен бірге үлкен жауапкершілік те келеді. Қазақстанда Grand Prix турнирі алғаш рет өтейін деп жатыр. Жалпы, елімізде Grand Prix кезеңі де алғаш рет ұйымдастырылмақ.
Дайындық қарқынды жүріп жатыр. Тек ұйымдастыру жағына ғана емес, спортшылардың дайындығына да ерекше көңіл бөлінуде. Себебі біз өз елімізде жарысты жоғары деңгейде өткізіп қана қоймай, спортшыларымыздың да жақсы өнер көрсетіп, жүлдеге қол жеткізгенін қалаймыз.
Бұл Grand Prix финалы мен келесі жылы өтетін әлем чемпионаты жай ғана жарыстар емес. Олар Олимпиадаға жолдама алуға қажетті ұпайлардың 25-30 пайызын құрайды. Сондықтан бұл — біздің спортшылар үшін үлкен мүмкіндік. Сол мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек», — деді федерация президенті.
