Қазақстанның паратаеквондо құрамасының аға жаттықтырушысы Нұржан Есілбаев Гран-при финалына дайындық барысы туралы айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Бапкердің айтуынша, Гран-при финалына әлемдік рейтингтің үздік сегіздігіне енген спортшылар ғана қатыса алады. Қазақстан құрамасынан бұл талапқа екі спортшы сай келген. Ал қалған салмақ дәрежелерінде ел намысын өзге спортшылар қорғайды. Себебі қабылдаушы мемлекет ретінде Қазақстанға әр салмақ дәрежесінен қосымша бір спортшыны жарысқа қосуға мүмкіндік берілген.
«Бұл — біздің спортшыларымыз үшін жақсы мүмкіндік. Алдыңғы Гран-при кезеңінде
80 келі салмақта алтын медаль жеңіп алған едік. Бұл жолы да сол жетістікті қайталауға үміттіміз. Басқа спортшыларымыздан да жақсы нәтиже күтеміз. Жалпы дайындық жақсы. Дегенмен біз Пара Азия ойындарынан енді ғана оралдық. Жарыстан жарысқа қатысу спортшыларға белгілі бір деңгейде әсер ететіні сөзсіз», — деді аға жаттықтырушы.
