Жапониялық Ута Абэ мен Париж Олимпиадасының чемпионы, өзбекстандық Диёра Келдиёрова Токио Grand Slam турнирінде қайта белдесуі ықтимал, деп жазады Sportbugin.kz.
5-6 желтоқсанда өтетін жарысқа қос дзюдошы да 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қатысуға өтінім берген. Олардың турнирдің қай кезеңінде кездесуі мүмкін екені 4 желтоқсанда өтетін жеребе тарту рәсімінен кейін белгілі болады.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасында Диёра Келдиёрова басты фавориттердің бірі саналатын Ута Абэні иппонмен жеңіп, турнирдің ең үлкен сенсацияларының бірін жасаған еді. Кейін өзбекстандық дзюдошы Олимпиада чемпионы атанды.
Қазіргі уақытта Ута Абэ әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Жапониялық спортшы биыл Ұлан-Батордағы Grand Slam турнирі мен Бакудегі әлем чемпионатында жеңіске жеткен.
Ал Диёра Келдиёрова ана атанғаннан кейін татамиге жақында қайта оралып, Ақтаудағы Азия кубогінде алтын медаль иеленді. Сондай-ақ Загребтегі Гран-при турнирінде қола жүлдеге қол жеткізді. Қазіргі таңда өзбекстандық дзюдошы әлемдік рейтингте 64-орында тұр.
