Астанада таеквондодан өтетін Гран-при финалы қарсаңында құрама үздіктерінің бірі Батырхан Төлеуғали жарысқа қатысты пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
Спортшы биылғы маусымдағы маңызды жарыстардың бірі саналатын Гран-при финалында жеңіске жетуді көздейтінін айтты. Сонымен қатар, келесі жылы өтетін әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына дайындық жоспарына тоқталды.
«Алда әлі көп жарыс болады. Барлығына қатысамын деп ойлаймын. Осы жылғы ең маңызды жарыстардың бірі — Гран-при финалы. Ал келесі жылы әлем чемпионаты бар. Олимпиада да алдымызда. Рейтингте жоғары орын алып, әр жарыста ұпай жинап, үлкен нәтижелермен қатысқым келеді.
Елімізде бұл жарыстың өтетініне қуаныштымыз. Тезірек жарысқа шығып, жанкүйерлердің алдында жеңіске жетіп, туымызды желбіреткіміз келеді. Алдағы мақсаттарым — ересектер арасында әлем чемпионы және Олимпиада чемпионы атану», — деді Батырхан Төлеуғали.
Айта кетейік, таеквондодан Гран-при финалы 27-29 қараша күндері Астанада өтеді. Қазақстан құрамасы жарыста өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсетеді.
