Руслан Курбанов 2024 жылғы Париж Олимпиадасына тарихи жолдама жеңіп алған семсерлесуден Қазақстан командасының мүшесі. Ол Тбилисидегі әлем кубогі кезеңінде командалық сында қола жүлдегер атанса, жекелей жарыста бесінші орынға тұрақтады.
Olympic.kz сайтына сұхбат берген спортшы өз эмоциясын бөлісіп, әлем кубогі кезеңін қорытындылады.
«Құттықтап жатқан жанкүйерлерге көп рахмет. Бұл Қазақстанның үлкен жеңісі. Осы бір тарихи нәтижеге қол жеткізу үшін біздің команда талай жылды артта қалдырды. Ал игі істің бастамасы Стамбулдағы әлем кубогінде басталды. Сол сында біз бірінші орын иелендік. Әр жарыс сайын өз мақсатымызға қадам басып, тұрақтылықты сақтап, нәтижемізді жақсарта түстік. Сондықтан, бүгінгі жолдама кездейсоқ емес, бұл — заңдылық. Мұның астарында үлкен еңбек жатыр.
Кореялық команданың қандай нәтиже көрсетеріне қарамастан, біз бұл турнирге үлкен міндетпен келдік. Басты мақсатымыз – Олимпиада ойындарына жолдама алу еді. Екінші мақсатымыз медаль болды. Бұл команданың әлемдік рейтингтегі орнын нығайту үшін қажет. Әсіресе, Жапониямен өткен кездесу стратегиялық тұрғыдан маңызды саналды.
Өйткені, жапондықтар Токиодағы Олимпиада ойындарында топ жарды. Біз де олармен талай рет кездесіп, бір ұпаймен ұтылып жүрдік. Сондықтан, дәл осылай 15 ұпай айырмасымен жеңіске жету маңызды болды. Біз 45:30 есебімен ұттық.
Бүгін бірнеше маңызды стратегиялық сәттер болғанын атап өткім келеді. Бұл, әрине, командалық сында Олимпиадаға лицензия алғанымыз. Тағы да қайталап айтамын, біз осы жолдаманы ұзақ жылдар бойы күттік. Қазіргі көңіл-күйімді сөзбен сипаттау қиын. Команда түгел қуанып жатыр, себебі, тарихи жетістік екенін жақсы біоеді. Десе де, босаңсуға болмайды. Мұны да жақсы түсінеміз. Алда ауқымды жұмыс күтуде. Содан соң, Олимпиада ойындарында абыроймен ел намысын қорғасақ дейміз.
Екінші маңызды сәт – жапондықтарды жеңгеніміз. Осы бір асуды алып, кедергіден өту керек болды. Біздің қолымыздан келеді екен, жеңдік.
Үшіншісі – іріктеу кезеңін абыроймен аяқтау. Әлем кубогінің соңғы кезеңінен соң үйге медалімізді тағып, маңызды міндетімізді орындап қайту керек еді», — дейді Курбанов.
Айта кетелік, Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов Олимпиада ойындарына жолдама алды.