Ақтауда өткен аралас жекпе-жектен Nomad MMA туринрінде 17 жастағы спортшы қайтыс болды. Бұл жағдай әлеуметтік желіде үлкен дау тудырды, деп жазады Sportbugin.kz.
17 жастағы Қанат Ақынов осыдан кикбоксингтен әлем чемпионы болған. Ол осыдан үш ай бұрын қазіргі бапкері Эльвин Агаевтың қоластында жаттыға бастаған. Бапкерінің айтуынша, ол турнир алдында толықтай медициналық тексеруден өтіпті.
«Мұндайды ешкімнің басына бермесін. Бұл үлкен трагедия. Қанаттың менде дайындалып жүргенінен үш ай болды, ешқашан денсаулығына шағым түсірген емес. Кейде жаттығуға келмей қалған кездері болды. Бірақ қандай себеп болғанын білмеймін. Туыстары да оның денсаулығына байланысты маған ештеңе айтқан емес. Бұрын ол спорттан үзіліс алған екен. Менде үш ай дайындалған соң, турнирге қатысуға ниет білдірді. Ол нағыз бабында болатын.
Бірінші кездесуде ол мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Екінші жекпе-жектің бірінші раундында бірнәрсе болғанын сездім. Ол жүрегі айнып тұрғанын айтып, аузындағы капаны алып тастады. Оған су беріп, үстіне де су құйып жібердім. Екінші раундқа шығар алдында одан: «Кездесуді жалғастыра аласың ба? Бәрі дұрыс па?», — деп сұрадым. Ол бәрі дұрыс екенін айтып, үш рет терең демалды да, кілемге шығып кетті. Ал 20-30 секундтан соң құлап қалды. Ол ішіне тиген соққыдан құлаған жоқ.
Турнирдегі медицина мамандары оған дереу көмек көрсетті. Жедел жәрдем де дереу жетті. Бірақ оны құтқару мүмкін болмады», — дейді марқұм спортшының бапкері.
Қайғылы оқиға 31 наурыз күні болған. Облыстық турнирге 300-ден аса спортшы қатысты.