Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның дайындығына баға берді. Бұл туралы SportPluseTv.kz сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
«Ақпан айында Астанада өткен Қазақстан чемпионатын тамашаладым. Өзіме жақын 97 келідегі жағдайды айтып өткім келеді. Финалда Әлішер Ерғали мен Ризабек Айтмұхан кездесті.
Қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы халықаралық деңгейдегі балуан болғанымен, дайындығында осалдығы бар екенін байқадым және қорғаныс әлсіз. Өйткені жеңіп тұрған жерінен қарсыласқа жол берді.
Жалпы қай салмақта болмасын біздің балуандарға қорғанысты күшейту керек деп ойлаймын, соңғы минутқа дейін босаңсымау маңызды. Мысалы, Азиядағы лидерлердің бірі — ирандықтар. Олармен белдесуде тіпті ұпай ұтылсаң, қарымта алу қиын. Өзімнің тәжірибемде де болған жағдай: 9 минут бойы күресіп, 1:0 есебін ұстап тұрдым.
Әлішер Ерғалидің жолдама алуға толық мүмкіндігі бар деп ойлаймын», — деді Байрамуков.
Айта кетелік, Ризабек Айтмұхан Бішкектегі Азия біріншілігіне 97 келі салмақ дәрежесінде қатысады.