Еркін күрестен 86 келі салмақта сынға түскен Азамат Дәулетбеков өз мансабында Азия чемпионатының үшінші алтынын жеңіп алды. Ол қатарынан үш рет құрлық чемпионы атанып отыр. Olympic.kz тілшісіне сұхбат берген балуан Бішкектегі финалдың өте маңызды болғанын атап өтті.
«Бішкекте Азия чемпионатының үшінші алтынын иеленген соң, өзіме деген сенім арта түсті. Оның үстіне, құрлық додасы Олимпиада қарсаңында өткізіліп отыр.
Финалдағы қарсыласым – Өзбекстан атынан сынға түсетін дағыстандық жігіт. Ол менің басты қарсыластарымның бірі. Соңғы екі жарыста оған есе жіберіп алдым. Алдымен Алматыда өткен Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирінде ұтылсам, былтыр Азия ойындарында жол бердім. Сондықтан, ақтық сында барымды салдым.
Одан бөлек, қазір еліміз қиын кезеңді бастан кешуде. Ел аймақтарын су басып, халық үйлерін тастап, қашуға мәжбүр болуда. Осындай сындарлы сәтте жанкүйерлерді қуантқым келді. Осы жеңісімді су тасқынынан зардап шеккен халыққа арнаймын.
Париж Олимпиадасына да аз уақыт қалды. Дайындық жоспар бойынша ойдағыдай өтуде. 25 сәуірде кезекті оқу-жаттығу жиыны басталады. Венгрияның Будапешт қаласында тағы бір рейтингілік жарыс бар. Бапкерлер рұқсат етсе, сол сынға да қатысып қалармын», — деді Дәулетбеков.
Азамат Дәулетбеков әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (2022,2023), Азия біріншілігінің үш дүркін чемпионы (2022,2023,2024).