24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада «Барыс Арена» спорт кешенінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Байрақты бәсекеге 135 елден 900-ден астам спортшы қатысады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Тоғыз күнге созылатын жарыста үш күрес түрі бойынша 30 салмақ дәрежесінің жеңімпаздары анықталады. Бозкілемге Олимпиада және әлем чемпиондары, халықаралық рейтинг көшбасшылары шығады.
Еркін күрестен 97 келіде Кайл Снайдер, Абдулрашид Садулаев, Ахмед Тажудинов пен Хасан Яздани белдеседі. Төрт балуанның еншісінде Олимпиаданың бес алтыны мен әлем чемпионаттарының 14 алтын медалі бар.
Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының чемпионы Мохаммадхади Сарави мен ауыр салмақтағы тәжірибелі балуан Рыза Каяалп бақ сынайды. Әйелдер күресінде де әлемдік деңгейдегі спортшылар чемпиондық атаққа таласады.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына толық құраммен қатысады. Ел намысын қорғайтын балуандар қатарында Ризабек Айтмұқан, Нұрқожа Қайпанов пен Жәмила Бақбергенова бар.
