Дзюдодан Қазақстан командасының мүшесі Елдос Сметов сәуір айында Гонконгта өтетін Азия чемпионатына қарқынды дайындық үстінде. Спортшы ҰОК ресми сайтына сұхбат беріп, өзінің дайындығы мен командадағы бәсекелестік жайлы айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Қазіргі таңда жаттығу ойдағыдай өтіп жатыр. Соңғы жарыстардың бәріне жарақатыммен қатыстым. Бүгінде жарақатымнан құлан таза айықтым деп айта алмаймын. Өйткені, кішігірім жарақаттар түбегейлі кетпейді. Бірақ 75-80 пайызға жақсарғанымды жасырмаймын. Азия чемпионаты қарсаңында тынбастан еңбектеніп жатырмын.
Олимпиада алтынын алсам деген арманның жетегінде жүргеніме 12 жыл болды. Осы аралықта екі Олимпиаданың тұғырына шықтым. Бірақ бала күннен бергі арманым маған маза бермейді. Қазір менің жасым келгенін айтатын жанкүйерлер көп. Бірақ мен өзімнің бабымда екенімді, әлем мықтыларымен күресе алатынымды білгендіктен татамиде жүрмін.
Соңымнан еріп келе жатқан екі бауырым бар. Бірі — Мағжан Шамшадин, екіншісі — Нұрқанат Серікбаев. Екеуі де әлемдік жарыстарда ысылып, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Оларға үнемі ағалық ақылымды айтып, әрбір жеңісіне балаша қуанамын. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары үшеумізді үнемі қарсы қойып, бір-бірімізге жау көрсететіні бар. Шыны керек, менің басты қарсыластарым — шетелдік спортшылар. 60 келіде күресіп жүргеніме қаншама уақыт болды. Осы кезеңде қазақ балуандарын жеңіп жатсам, оған асып-тасып, қуанған емеспін. Ал әрбір жетістіктеріне тілеулеспін. Біздің бәрімізге ортақ мақсат — әлемдегі мықты балуандарды жеңіп, үздіктер қатарынан орын алу. Інілеріме де үнемі осыны айтып жүремін.
Сондықтан, дәл қазір мұндай әңгімелерді орынсыз деп санаймын. Соңғы кездері ірі жарыстарда сәтсіздікке ұшырасам да, ішкі жігерімді, сенімімді жоғалтқан емеспін. Ата-анам, бауырларым, отбасым маған үлкен мотивация береді. Қазір бес баланың әкесімін. Балаларым да мені алға жетелейтін үлкен күш», — деді Сметов.