Кеше еркін күрестен Париж Олимпиадасына жолдама алған Юсуф Батырмұрзаевқа жергілікті басшылар мен кәсіпкерлер құрмет көрсетті. Олар балуанға көлік мінгізіп, ақшалай сыйақы беріп, кейін екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Осы орайда, Ақтөбе облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Данияр Ғалиханов мұндай қадамға не үшін барғандарын түсіндірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Әлеуметтік желіде Олимпиадаға жолдама алғаны үшін мұндай құрмет көрсетілгені екіұдай пікір туғызған еді. Облыстық федерацияның вице-президенті Данияр Ғалихановтың айтуынша, балуан қандай құрметке де лайық.
«Олимпиадаға дейін қошеметті үйіп-төкті деп сынағандарға айтарым бар. Біріншіден, Юсуф Батырмұрзаев бүгінге дейін пәтер жалдап тұрған. Ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшымыздың бір үйі болса, айып емес. Екіншіден, мұндай сыйақы кез келген спортшыға үлкен мотивация болады. Үшіншіден, біз тек қана жолдама алған балуан емес, кадеттер, жасөспірімдер, жастар мен ересектер арасындағы ел чемпионатында жүлдеге іліккен спортшылардың барлығына сый жасадық. Жалпы есебі 33 бас жылқы тарту еттік. Спортшыларға қандай құрмет те жарасады. Елдің намысын әлемдік аренадаға қорғау үшін айлап, жылдап үйдің бетін көрмейді. Бар ғұмырын спортқа арнайды. Сондықтан, оларға материалдық тұрғыдан қолдау көрсетудің айыбы жоқ», — дейді Ғалиханов.
Сондай-ақ, облыстық федерацияның вице-президенті балуандарға кімдердің демеуші болғанын да ашып айтты.
«Юсуф Батырмұрзаев, Мейрамбек Қарбай бастаған кәсіби спортшыларға және күрестен түрлі жас деңгейіндегі ел чемпионаттарының жеңімпаз, жүлдегерлеріне қолдау көрсеткен — «Ақтөбе фермерлер орталығы» ұйымы. Ұйым басшысы Ерлан Блиевке алғысымыз зор. Одан бөлек, Юсуфқа пәтерді қаладағы кәсіпкер жігіттер бірлесіп алып бергенін айтқым келеді», — деді ол.
Сөз соңында Данияр Ғалиханов облыстағы жергілікті балуандардың республикалық жарыстардағы нәтижесінің неліктен төмен екенін түсіндірді.
«Иә, қазір Ақтөбе облысының спортшылары республикалық, әлемдік жарыстарда көп көзге түспейді. Мұның басты себебі — ауызбіршіліктің жоқтығы. Бапкерлер арасында бірлік жоқ. Қазір осыны реттеуге тырысып жатырмыз. Бұған дейінгі басшыларды білмеймін, қазіргі басшы Ербол Данағұловтың сайланғанына көп уақыт болған жоқ. Алға үлкен жоспарлар қойып жатырмыз. Балуандардың базасын реттеп, олардың алаңсыз дайындалуына мүмкіндік жасауға тырысамыз», — деді облыстық федерация өкілі.
Айта кетелік, Юсуф Батырмұрзаев Париж Олимпиадасына жолдама алған Ақтөбе облысының жалғыз өкілі. Ол Бішкекте (Қырғызстан) өткен Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирінде топ жарды.