Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарының алғашқы жарыс күнін Қазақстан құрамасы төрт алтын және екі қола медальмен қорытындылады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Ел қоржынына алғашқы алтынды велоспорттан Рината Сұлтанова салды. Ол әйелдер арасындағы жекелей уақыт жарысында 36:23.72 нәтижесімен топ жарды.
Тас жолдағы велоспорттан ерлер арасындағы жекелей уақыт жарысында Алексей Луценко жеңімпаз атанды. Қазақстандық спортшы 41:24.05 көрсеткішін тіркеп, Азия ойындарындағы бесінші алтынына қол жеткізді.
Каратэден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева да чемпион атанды. 55 келіге дейінгі салмақта Жоламан Биғабыл финалда Өзбекстан өкілі Хумоюнмирзо Халимовты 9:1 есебімен жеңсе, 68 келіден жоғары салмақта Софья Берульцева Таиланд спортшысы Маниаан Бутсуванды 8:0 есебімен ұтты. Осылайша, Берульцева Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды.
Қазақстанның алғашқы қола жүлдесін триатлоншы Арлан Жанабай иеленді. Ол ерлер арасындағы жекелей сында 53:11 нәтижесімен мәреге үшінші болып жетті.
Тағы бір қола медальді қазіргі бессайыстан Қазақстанның ерлер құрамасы жеңіп алды. Командалық есепте Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин және Лев Чувашов жүлдеге ие болды.
Бұдан бөлек, бірінші жарыс күнінде Қазақстан спортшылары бірнеше спорт түрінен келесі кезеңге өтті. Ушу-саньдадан Абдурашид Абдуллаев пен Аян Тұрсын ширек финалға жолдама алды. ММА-дан Қадырбек Шынбаев, Санжар Әділов және Еркінғали Бүркіталин жартылай финалға шықты.
Үстел теннисінен ерлер құрамасы Сингапурды 3:1 есебімен жеңіп, топтағы екінші жеңісіне қол жеткізді. Су добынан әйелдер құрамасы Сингапурдан 12:7 есебімен басым түсті. Жағажай волейболында Сергей Богату мен Кирилл Гурин де жеңіске жетті.
Ал әйелдер волейболы, гандбол, баскетбол және бірқатар басқа спорт түрлерінде Қазақстан өкілдері қарсыластарына есе жіберді.
Жүзуден Айбат Мырзамұратов 200 метрге кешенді жүзуде жетінші орын алды. Нысана көздеуден әйелдер құрамасы алтыншы орынға тұрақтады.
