Бокстан Қазақстан құрамасы мамыр айында Астанада өтетін «Елорда кубогі» қарсаңында БАҚ өкілдеріне арнап ашық жаттығу жиынын өткізді. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов команданың дайындық барысы туралы айтты, деп жазады Olympic.kz-ке сілтеме жасап Sportbugin.kz .
«Елорда кубогі» — елімізде өтетін ең ірі халықаралық турнирлердің бірі. Жыл сайын бұл бәсеке әлем мықтыларының басын қосатын. Бірақ биыл Олимпиада өтетіндіктен, Олимпиадаға іріктеу турнирлері толық аяқталмағандықтан, біраз елдің боксшылары келе алмайды. Жеті-сегіз мемлекеттен ғана спортшылар қатысады. Мұның өзі біздің Парижге баратын боксшылар үшін үлкен пайда. Әрқайсысы 3-4 кездесуден өткізіп, қазіргі дайындығын бір саралап алады.
Осыған дейін Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында бірлескен жаттығу жиынын өткіздік. Аталған жиынға Өзбекстан құрамасынан Олимпиадаға қатысатын төрт жігіт келді. Тәжікстанның бір өкілі, Куба құрамасы келді. Тағы да қайталап айтамын, турнир дайындық мақсатында өтіп жатыр. Мұндағы жауапкершілік Азия біріншілігіндегідей ауыр емес. Біздің мақсат — Олимпиада.
Бұл турнирде біз кем-кетігімізді бір анықтап аламыз. Келген қонақтарымызды да сыйлап, әділетті түрде өткізуіміз қажет. Әзірбайжан мен Жапониядан Олимпиадаға қатысатын боксшылар келеді. Бірақ Өзбекстан командасы олимпиадалық құрамын жіберген жоқ. Ол жақтан да мықты боксшылар қатысады. Бірақ біздер басты қарсылас болғандықтан, осы турнирде емес, Олимпиаданың финалында жолығайық деген тілек айттық бір-бірімізге. Өзбекстан құрамасы Ресейде өтетін халықаралық турнирде бақ сынайды», — дейді Айтжанов.
Айта кетейік, «Елорда кубогі» 13-18 мамыр күндері Астанада өтетін дәстүрлі турнир. Өз елімізде өтетін жарысқа ұлттық құраманың бірінші, екінші және үшінші нөмірлі спортшылары қатысады.