Бүгін Елорда төрінде Дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысы басталды. Жарыстың бірінші күнінде Қазақстан спортшылары екі жүлдеге ие болды.
Ғалия Тынбаева спорт мансабындағы әлемдік Grand Slam жарысының алғашқы алтын жүлдесін еншілесе, тәжірибелі Елдос Сметов қола жүлдегер атанды.
«Бұл тек Ғалияның ғана емес, бүкіл қазақ спортының, бүкіл елдің жеңісі! Мен спортшыларымыздың нәтижелеріне өте қуаныштымын және мақтанамын! Біз үшін маңызды турнирдің алғашқы күнінде-ақ Ғалия Тынбаева елге алғашқы алтынды әкелді.
Ең бастысы, бұл біздің спортшымыздың мансабындағы әлемдік Grand Slam турнирінің алғашқы алтыны. Бүгін – тарихи күн. Ғалия жетістікке тынбай еңбектенудің арқасында, ауыр жарақаттар мен жеңілістерге қарамастан мақсатына жетті. Осылайша ең шешуші сәтте бар ерік-жігерін жинап, жеңісті жұлып алды. Нағыз күрескер.
Көшбасшымыз Елдос Сметов бүгін бізге керемет күрес пен нағыз төзімділіктің үлгісін көрсетті. Оның соңғы секундқа дейін берілмей күресуі – өз ісінің нағыз шебері екендігінің көрсеткіші.
Бүгінгі күн әлемдік және қазақстандық дзюдо отбасының қаншалықты мықты екенін тағы бір мәрте еске салды. Трибуналарда біздің жас жанкүйерлер арасында осындай дзюдо майталмандарының күресін өз көздерімен көрген болашақ дзюдо чемпиондары мен әлем жұлдыздары бар екеніне сенімдімін!», — деді Қуанышбек Есекеев.
Qazaqstan barysy Grand Slam турнирі — 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарының қарсаңындағы соңғы рейтингтік Grand Slam кезеңі. Аталған турнирге әлемнің 84 елінен 450 спортшы қатысуда.
12 мамырға дейін созылатын байрақты бәсеке Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатыр.
Қазақстан дзюдо федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.