Дзюдодан Қазақстан командасы үздіктерінің бірі Елдос Сметов Әбу-Дабидегі әлем біріншілігін медальсіз аяқтады, деп жазады Sportbugin.kz.
Сметов 60 келі салмақта қола медаль үшін күресіп, 21 жастағы жапондық Таита Накамурадан таза жеңілді.
Қазақстандық балуан қатарынан екінші әлем чемпионатын құр қол аяқтап отыр. Былтыр Дубайдағы әлемдік сында да Елдос жүлдегерлер қатарына ене алмаған еді.
Сметов турнир барысында Вьетнам, Оңтүстік Корея және Бразилия балуандарын ұтып, ширек финалда ресейлік Аюб Блиевтен жеңілді.
Жұбаныш белдесуіндегі қарсыласы жарыстан шеттетілгендіктен, Елдос бірден қолаға таласқанын айта кету керек. Елдос Сметов әлем чемпионатындағы соңғы жүлдесін 2022 жылы иеленген. Ташкенттегі әлемдік жарыста ол қола медаль алған болатын.
Осы салмақтағы тағы бір өкіліміз Нұрқанат Серікбаев екінші белдесуінде ұтылып қалды.