Еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров Париж ойындарына жолдама алған үш балуанның дайындыңғына ерекше көңіл бөлу керектігін айтты, деп хабарлайды Sport+ арнасына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
«Қазір мен барлық мәселені жиып қойып, тек қана Парижге баратын үш балуанымызбен жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Олимпиадаға дейін басқа жігіттерді демалысқа жіберу қажет. Бәрі ауылына барып, таза ауада тынығып, күш жинап, қымыз-шұбат ішіп қайтсын. Ал осы аралықта Олимпиадада бақ сынайтын Азамат Дәулетбеков, Әлішер Ерғали және Юсуп Батырмұраевпен ғана айналысуы тиіс бапкерлер. 20 бапкер болса, жиырмасы да бар ынтасын осы жігітке бағыттаса, дұрыс болар еді.
Өйткені, Олимпиада – өте қиын жарыс. Оның атмосферасының өзі не тұрады?! Бұл додаға өте жинақы, моральдық, физикалық және психологиялық тұрғыда дайын бару қажет. Спортшы үшін де, бапкер үшін де ең маңызды жарыс – Олимпиада. Сол үшін бар ынта-жігерімізді осыған аударсақ деген тілек бар. Үш жігіттің де әлеуеті жақсы. Үшеуі де медальға таласа алады.
Азамат екі әлем чемпионатынан жүлде алып, тұрақты күрес көрсетіп жүрген жігіт. Әлішер мен Юсуп үшін Токио Олимпиадасының есесін қайтару маңызды. Екеуі де Олимпиаданың қандай болатынын көрді. Сондықтан, олар осы жолғы тартысқа тас-түйін дайын деп ойлаймын. Олимпиадада балуандар да аз, әрбір кездесу ерекше маңызға ие. Осы бір ғаламдық жарыста жігіттерімізге сәттілік тілеймін», — деді бұрынғы балуан.