Бүгін, 24 мамыр күні, Лозаннада Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің Халықаралық Олимпиада комитетіне ресми іс-сапары аяқталды. Олимпиада үйіндегі екі күндік тығыз бағдарламаның басты оқиғасы – Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкиннің ХОК басшысы Томас Бахпен кездесуі, деп жазады Olympic.kz.
Аталған оқиға қазақстандық спорт қоғамдастығы үшін маңызды шара болды, сондай-ақ, бұл ҰОК-тің халықаралық олимпиадалық қозғалысқа белсенді араласуға ұмтылғанын көрсетеді. Кездесу Қазақстан мен ХОК арасындағы әріптестікті нығайтуда маңызды қадам саналады.
Бах мырза әңгіме аясында ҰОК президенті Геннадий Головкинді жауапты қызметке сайлануымен құттықтап, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің жаңа басшылығына ХОК тарапынан қолдау көрсететінін жеткізді.
ҰОК басшысы өз кезегінде жаңарған команданың басты басымдықтарына назар аударып, халықаралық әріптестік пен атлеттерді қолдау бағдарламаларына ерекше тоқталып өтті.
Геннадий Геннадьевич ҰОК-тің Халықаралық Олимпиада комитетіне сенімді серіктес болып қалатынын және ұйымның барлық бастамаларын, оның ішінде, спортшылар құқығын қорғауға арналған ұсыныстарды әрдайым қолдайтынын айтты.
Кездесуден соң ХОК басшысы Геннадий Головкинді ұйымның штаб-пәтеріне келген әйгілі атлеттер қолтаңба қалдыратын олимпиадашылар қабырғасына қол қоюға шақырды.
«Халықаралық Олимпиада комитеті мен арнайы Томас Бах мырзаға бізге шақырту жіберіп, жылы қарсы алғаны үшін барша командамыздың атынан алғыс айтамын. Бұл кездесу ортақ мақсат жолында біріккен екі ұйым арасындағы берік әрі сенімді әріптестіктің бастауы боларына күмәнім жоқ», — деп атап өтті Геннадий Головкин.