ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің спорт министрлері кеңесі аясында ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Беларусь Республикасының Спорт және туризм министрі Сергей Ковальчукпен екіжақты келіссөз өткізді.
Ведомство басшылары екі ел арасындағы әріптестікті одан әрі дамытудың маңызды мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастық экономиканың негізгі салаларында жан-жақты дамып келеді. Екіжақты байланыстар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Еуразиялық экономикалық одақ сияқты халықаралық ұйым аясында да жемісті жалғасуда.
Кездесу барысында екі ел министрлері 2024-2028 жылдарға арналған дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.
«Ең алдымен сіздерді Қазақстан құрамасы спорттың 14 түрінен қатысқан II ТМД елдерінің ойындарын сәтті өткізгендеріңізбен құттықтаймын. Мұндай спорттық жарыстар спортшылардың рухын нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Сонымен қатар біз Беларусь спортшыларын Қазақстан аумағындағы халықаралық жарыстарда көргенімізге қуаныштымыз. 2023-2024 жылдары сіздің елдің спортшылары жеңіл атлетика, каратэ, садақ ату, шайбалы хоккей, үстел теннисі, оқ ату және т.б. жарыстарда бақ сынады. Биылғы қыркүйек айында Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Беларусь спортшыларының шеберлігі мен дайындығын ескере отырып, Ойындарда олардан жоғары нәтиже күтеміз», — деді Ермек Маржықпаев.
Сонымен қатар кездесу барысында ведомство басшылары екі елдің туристік саласын дамыту мәселелерін талқылады. Ермек Маржықпаев 2023 жылы Қазақстанға Беларусь Республикасынан келген туристер саны 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артқанын атап өтті. ҚР Туризм және спорт министрі ұлттық парктерде экотуризмді, агро, медициналық және балалар туризмін дамытуда тәжірибе алмасуды ұсынды. Сондай-ақ Қазақстан мен Беларусь тау курорттарында бірыңғай бірлескен «Ски-пассаларды» енгізу идеясы айтылды.