Боксшы Әйгерім Сәттібаева араға ұзақ жылдар салып, үлкен боксқа қайта оралды. Бүгінде ол ұлттық құрамадағы екінші нөмірді боксшы. 33 жастағы спортшы бес бала босанып, жолдасының Олимпиадаға дайындалуына көмектесіп, кейін былғары қолғапты қайта киген, деп жазады Sport+ сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
«Өзім Шымкентте туып-өстім. Бесінші сыныпта Тараз қаласына көшіп келдік. Сол кезде спорттық бимен, дзюдомен айналыстым. Алайда, кейін әкем мені боксқа алып келді. 2004 жылы боксқа түбегейлі бет бұрдым. Осы кезде Бақтияр Артаев ағамыз Олимпиада чемпионы болған еді. Бұл да таңдау жасарда өз әсерін тигізді. Мен де еліміздің көк туын желбіретуді армандадым. Бірақ ол кезде әйелдер боксы әлі дамымағандықтан, біраз бапкер мені алған жоқ. Өзімнің әкем де бокс маманы, сол кісі Ерік Алғабек атты жаттықтырушыға табыстады.
Сол залда жүріп, болашақ жарым Олжаспен таныстым. Ол кадеттер арасында әлем чемпионы атанып, болашағының зор екенін көрсетіп үлгерген кезі. Әйелдер боксынан Қазақстанның тұңғыш чемпионатына жасым жетпегендіктен, қатыса алмадым. 14 жасымда Көкшетауда өткен жасөспірімдер чемпионатында жеңіске жетіп, бір айдан соң Вадим Присяжнюг мені ересектер арасындағы жаттығу жиынына шақырды. Оған менің техникам қатты ұнаған екен. Алғашқы жиында бапкерлердің көзіне түсіп, ұлттық құрамаға қабылдандым. Көп ұзамай, ересектер арасында да топ жардым. Осылайша, халықаралық жарыстарға қатыса бастадық. Азия чемпионатында қола жүлдегер атандым.
2012 жылы Лондон Олимпиадасының бағдарламасына әйелдер боксы енгендіктен, сол сынға мақсатты түрде дайындалып жүргем. Кейін жазғы ойындар басталмай тұрып, 19 жасымда тұрмысқа шығып кеттім. Осылайша, келіндік өмірге қадам басып, тұңғышымды өмірге әкеліп, бокстан қол үзіп қалдым», — дейді Әйгерім.
Десе де, боксты жаны сүйетін Әйгерімді шаршы алаң үнемі тартып тұратын. Ол алғашқы екі баласын босанған соң, қайтадан жаттығуға оралды.
«Алдымен қызымды, кейін ұлымды дүниеге әкелген соң, былғары қолғапты қайтадан кидім. Үш жыл бойы жұдырықтасып жүрдім, жолым бола қоймады. Енді ғана қалпыма келіп, өз боксымды тапқанда жолдасым Олжас Рио Олимпиадасына жолдама алды. Бұл 2015 жыл еді. Ол Олимпиадаға алаңсыз дайындалуы үшін боксты тоқтаттым. Жолдасым да артына қарайламауы үшін, менің спортты қоя тұруымды өтінді. Рио Олимпиадасында Олжастың жеңісін бермей қойды. Бұл оған да, бізге де соққы болды. Жолдасымның спортан көңілі қалған кездерін де өткердік, жасырмаймын.
2016, 2018 және 2019 жылдары тағы үш рет сәбилі болып, Олжас та, мен де үлкен спорттағы мансабымыз аяқталғанына иландық. Ол жұмысқа кірді, мен әкеммен бірге қыздарды жаттықтыра бастадым. Себебі, әйелдер боксынан біздің облыстың нәтижесі төмендеп кетіпті. Шыны керек, ойымды қанша жерден басқа арнаға бөлсем де, бокстан ерте қол үзгенім маза бермейтін. Бастаған ісімді аяқсыз қалдырғандай, үлкен спорттағы несібемді толық алмағандай сезімде жүрдім. Сол кезде жаттығу жиынына барайын, өз күшімді тағы бір сынап көрейін деген ойымды жұбайым қолдай кетті. Олжастың өзі жаттықтыра бастады. Екі жыл бұрын халықаралық жаттығу жиыны өтіп, үш спаррингтік кездесу өткіздім. Сол кезде аға бапкерлердің жылы сөзін естіп, қанаттанып кеткенім рас. Олар менің әлі де бабымды жоғалта қоймағанымды айтып, жігерлендіріп жіберді.
Ел чемпионатында екі жекпе-жек өткізіп, үшінші айналымда 48 келінің үздігі Алуа Балқыбековаға жол бердім. Алуамен әпкелі-сіңлілі жандардай араласамыз. Ол да менің жақсы жұдырықтасқанымды айтып, дем беріп кетті. Осылайша, бокстағы жолым қайта жалғасты. Ел спартакиадасында және Испаниядағы халықаралық турнирде күміс алдым», — дейді Әйгерім Сәттібаева.
Бүгінде Әйгерім Сәттібаева ұлттық құраманың екінші нөмірлі боксшысы. Ол өзінің үлкен спорттағы жеңісіне түбі қол жеткізеріне сенеді.
«Бала тербетіп отырсам да, үй шаруасымен жүрсем де, бокс десе, жүрегім елең ететін. Теледидардан көріп қалсам, бар тірлігімді ұмытатынмын. Күйеуіме де «боксты ерте тастадым», «әлі де көру керек еді» деп жиі айтып жүрдім. Олжас та менің рингті аңсап жүргенімді түсініп, қайтадан жаттықтыра бастады. Оның қолдауына алғысым шексіз. Біздің спорттағы ғұмырымыз ұзақ емес қой. Сол бір қысқа аралықта көп нәрсеге жетіп үлгеру керек. Кейін өмірлік өкініш қалмау үшін, тәуекел етіп, тағы да бақ сынап көру қажет деп ойладым. Осы ойымды жүзеге асырып жүрмін, міне… Тұрмысқа кештеу шығу керек па деп ойлағаным да рас. Алайда, ештеңеге өкінбеймін. Қайтадан боксқа оралып, өз арманыма жетуге талпынып жатырмын», — дейді Әйгерім.