Спорттық гимнастикадан Қазақстан әйелдер құрамасының үздігі Аида Бауыржанова Азия чемпионатында анасының сөзі жігер бергенін айтады. Бұл туралы ҚР ҰОК сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
«Бұл Азия чемпионатында қаншама эмоция төгілді. Бірақ тек жақсы нәрселерді айтқым келеді. Мен өз мақсатыма жету үшін ұзақ жолды артқа тастадым, тіпті, тым жақын болдым.
Бағдарламаны жақсы орындадым. Егер осы бағыттан таймасам, олимпиадалық квота алатынымды да білдім. Мақсатыма осыншалық жақын болғаныма әлі күнге дейін сенбеймін. Жолдама тағдырын титтей ұпай шешіп кетті. Десе де, мен өзімді Олимпиадаға қатысуға лайық спортшы санаймын.
Ташкенттегі жарысты көруге менің анам да келді. Іріктеуден соң ол маған: «Мен сені жұбату үшін келгенім жоқ. Мен сені тұғырдан көргім келеді», деді. Осыдан соң мен дереу финалға бар күшімді салып, қалайда медаль алу үшін аянып қалмадым. Ең соңына дейін күрестім», — дейді Бауыржанова.
Ташкенттегі Азия біріншілігінде Аида Бауыржанова тұңғыш рет Қазақстанға қола медаль сыйлады.
Фото: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК