Париж Олимпиадасының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Бүгінде Қазақстан құрамасы 80-ге жуық жолдама жеңіп алды. Біздің ел спортшыларынан бөлек, көршілес елдер сапында Олимпиадаға баратын атлеттер де жеткілікті. Sportbugin.kz Парижде бақ сынайтын шетелдегі қазақтарға тоқталды.
Тоқтарбек Таңатқан, Қытай
Қытайдағы этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқан бокстан Париж Олимпиадасында алтыннан үмітті спортшылардың бірі. Ол 80 келі салмақта сынға түседі. Тоқтарбек Азия ойындарының чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері.
Ақтеңге Кеунімжаева, Өзбекстан
Өзбекстандағы этникалық қазақ қызы Ақтеңге Кеунімжаева Париж бозкілемінде белдеседі. Ол құрлық чемпионатының жүлдегері. Ақтеңге Бішкекте өткен іріктеу турнирінде Өзбекстанға әйелдер күресінің тұңғыш жолдамасын әперді.
Әбусайман Хабила, Қытай
Еркін күрес шебері Әбусайман Хабила Қытай атынан белдеседі. Ол 97 келі салмақта Олимпиада лицензиясын Түркияда өткен әлемдік іріктеу турнирінде жеңіп алды.
Руслан Абдуллаев, Өзбекстан
Бокстан әлем және Азия чемпионы, Өзбекстандағы қазақ ауылынан шыққан қандасымыз Руслан Абдуллаев та Париж төрінде сынға түседі. Руслан бокстан 63,5 келі салмақта алтынға басты үмітті атлеттердің бірі.