Соня Жиенбаева жасөспірімдер арасында Уимблдон турнирінің үшінші айналымына өтті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда жасөспірімдер арасындағы ITF 19-ракеткасы, жапониялық Эни Койкемен сынға түсті.
Кеше басталған ойында алғашқы сет 6:3 есебімен Соняның пайдасына аяқталған. Алайда, матч жаңбырға байланысты кейінге қалдырылды. Бүгін жалғасын тапқан матчты Жиенбаева жеңіспен түйіндеді — 6:4.
Кездесу бір сағат 41 минутқа созылды.
Соня Жиенбаева ширек финалға шығу үшін словакиялық Рената Ямриховамен кездеседі.
Айта кетелік, Соня Жиенбаева 2006 жылы Алматыда туылған. Анасы — қазақ, әкесі — неміс. Ол отбасымен Германияға көшіп кеткен.
Бүгінде ол өзінің тарихи отаны — Қазақстан атынан сынға түсіп жүр.