Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов жігіттердің Олимпиада алдындағы соңғы дайындық кезеңіне тоқталды, деп жазады Nege.kz сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
«Лицензияны ұтып алғаннан бері жігіттер дайындық үстінде. Бұл дайындықтың өз сатысы бар. Әр оқу-жаттығудың физикалық тұрғыдан пайдасы жетерлік. Ең соңғы оқу-жаттығу Түркістан облысындағы Алматау базасында өтіп жатыр. Мұнда қарсыластарға қарсы арнайы дайындық жүруде. Айла-тәсіл мен шеберлікті тағы бір шыңдаудың артықтығы жоқ.
Ешқайсысын бөле-жармаймын. Бұл дұрыс емес. Олимпиада деген басқа жарыстан мүлде бөлек. Біз ғана емес, бүкіл әлемнің мамандары біледі. Себебі, олимпиада өте ауқымды, оның атмосферасы, деңгейі тіптен басқа. Бірақ жігіттерге сенемін!
Мұндай әлемдік сайыста аң-таң болатын жағдайлар кездеседі. Мықты деген боксшылар өзін тура сол жерде жоғалтып алады. Біздің командада 4 боксшы әлем чемпионы, оның ішінде екеуі бұған дейін олимпиадаға қатысып, қола жүлдегер атанды. Сондықтан жас болса да бәрінің тәжірибесі бар.
Ал 63,5 келідегі Мұхамедсабыр Базарбайұлы әлем чемпионатына қатыспаса да, оның өзі биылғы жарыстарда шеберлігін шыңдап, жаңа деңгейге көтерілді. Яғни, 7 боксшы да осал емес. Алла сәтін салып, бағы мен бабы қатар шапса, әрқайсысынан медаль алады деп үміттіміз.
Әрине, алтынды көбірек алсақ дейміз. Басқа елдермен де санасуға тура келеді. Өзі жеті-ақ салмақ. Бүкіл әлем жеті салмаққа таласады. Қазақтың әдемі айтылған қағида сияқты сөзі бар ғой. «Арық айтып, семіз шығайық» деген ниетпен айтсақ, әрқайсысы медаль алуға лайықты. Енді қалай өтетінін ринг көрсетеді.
Біздің Орталық Азиядағы басты қарсылас – Өзбекстан. Олардан төрт бірдей олимпиада жүлдегері, оның ішінде екі Олимпиада чемпионы бара жатыр. Хасанбой Дусматов, Абдумалик Халоков, Руслан Абдуллаев, Лазизбек Муллоджонов, Асадхуджа Муйдинхуджаев, Турабек Хабибуллаев сияқты мықты боксшылар бар.
Бірақ Парижде өтетін байрақты бәсекеге Куба, АҚШ, Бразилия, Филиппин, Қытай, Оңтүстік Африка, Ирландия, Мексика, Колумбия сияқты басқа да елдерден бокшылар келеді. Қазір бокс бүкіл әлемде дамып кетті», — дейді бас бапкер.