Дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында Бекет Махмұтовты еске алуға арналған Азия кубогінде 20 елден 32 төреші практикалық емтихан тапсыруда, деп хабарлайды Sportbugin.kz
Емтихан нәтижесінде дзюдо төрешілері Continental және International дәрежесіне қол жеткізеді. Бұл — төрешілердің Халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сай, құрлықтық және әлемдік жарыстарда, атап айтқанда, Гран-при, Grand Slam, Masters, әлем чеммионаты мен Олимпиада ойындарырда төрелік етуге мүмкіндік береді.
Емтиханға Қазақстан, Австралия, Қытай, Хорватия, Германия, Гонконг, Үндістан, Иран, Жапония, Қыоғызстан, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Молдова, Моңғолия, Словения, Тәжікстан, Түркіменстан, Тайпей және АҚШ елдерінен Continental санатына 15, International санатына 17 төреші қатысып жатыр. Қазақстаннан Қайыржан Сүлейменов пен Павел Ермошенко Continental санатына үміткер болса, Асхат Житкеев International санатына тапсырады.
Айта кетерлігі, емтиханға дайындық мақсатында 1-2 шілде күндері Алматы қаласындағы Дзюдо академиясында төрешілерге арналған семинар ұйымдастырылды. 3 шілде күні төрешілер теориялық бөлім бойынша жазбаша және сұхбаттасу форматында емтиханның бірінші кезеңін тапсырды. Емтиханның практикалық кезеңі жасөспірімдер мен жастар арасында Бекет Махмұтовты еске алуға арналған Азия кубогі аясында өтеді. Жарыс Балуан Шолақ спорт сарайында 7 шілдеге дейін жалғасады.
Қазақстан дзюдо федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры