Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегерлері мен жеңімпаздары қомақты сыйақы алады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Бұл туралы ІВА бас хатшысы Крис Робертс мәлімдеді.
Робертстің айтуынша, турнирдің жүлдегерлерін марапаттауға жалпы есебі 500 мың АҚШ доллары бөлінген.
«Біз орындалмайтын уәде бермейміз. ІВА спортшыларды әрдайым бірінші орынға қояды. Қыздар мен ұлдар арасында ширек финалға жеткен боксшылар да құр қалмайды.Оларға 1 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі.
Әлем чемпионатының қола жүлдегерлері 2 мың, күміс жүлдегерлер 4 мың, алтын медаль иегерлері 8 мың АҚШ долларына қол жеткізеді», — деді ІВА өкілі.
Айта кетелік, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 23 қазан мен 4 қараша аралығында өтіп жатыр. Аталған турнирде Қазақстан құрамасы да бақ сынауда.