Албанияның Тирана қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
63 келіге дейінгі салмақта белдескен Ержет Жарлықасын әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Финалда Ержет әзербайжандық Нихат Мамадлиден 1:6 есебімен жеңілді. Қазақстандық балуан бірнеше рет әдіс бастағанымен, қарсыласы қарымта шабуыл жасап, алты ұпай алды.
Ал бірінші кезеңде Жарлықасын өзіне берілген мүмкіндікті пайдалана алмай, төрттағанда қарсыласын кілемнен көтере алған жоқ.
Осылайша, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы 1998 жылдан бері әлем чемпионаттарынан алтынсыз оралуда. Қазақстан сапынан соңғы рет Бақтияр Байсейітов қана 26 жыл бұрын әлем чемпионы атанған.