Дзюдошы Шерзод Давлатов Бакуде өтіп жатқан ересектер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды, деп жазады Sportbugin.kz.
60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Шерзод Давлатов финалда жарыс қожайыны Ахмед Юсифовпен кездесті. Тартысты белдесуде жергілікті дзюдошы басым түсіп, алтын медальді иеленді.
Ал Шерзод Давлатов әлем чемпионатын екінші орынмен аяқтады.
Қазақстандық спортшы Баку татамиіндегі жарысын 1/32 айналымнан бастады. Ол осы кезеңде Тәжікстан өкілі Лойк Кудбудиновтан басым түсті. Кейін Бурунди дзюдошысы Рауль Брийан Нганджиді жеңді.
1/8 айналымда Шерзод Панамерика ойындарының чемпионы Микел Аугустоны (Бразилия) ұтса, ширек финалда Франция өкілі, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ромен Валадье-Пикардан басым түсті.
Ал жартылай финалда қазақстандық дзюдошы әлем чемпионы әрі Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Рюдзу Нагаяманы (Жапония) жеңіп, финалға жолдама алған еді.
Осылайша, Шерзод Давлатов Қазақстан құрамасына әлем чемпионатының алғашқы күнінде күміс медаль сыйлады.
