Спорт сарапшысы Айдар Шәрібаев бокстан Таразда өткен ересектер арасындағы ел біріншілігінде кейбір жекпе-жектердің нәтижесіне көңілі толмағанын айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Шәрібаевтың айтуынша, Қазақстан чемпионатында жастарға басымдық берілген.
«Таразда өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына өзім қатысып, финалдық жекпе-жектерді көрдім. Жастарға басымдық бергенін де байқадым. Бұл — дұрыс ұстаным. Алайда кейбір жекпе-жектердің шешіміне көңілім толмады. Бұрынғы үрдіс қайталанып, жекелеген боксшыларға басымдық берілген сәттер болды. Мұны бокс түсінетін бірнеше маман да мойындады. Меніңше, кейбір кездесулерде әділ шешім шықпады», — деді Айдар Шәрібаев.
Маман жастарға мүмкіндік беру маңызды екенін түсінетінін, алайда спортшы жеңіске өз күшімен жетуі керегін атап өтті.
«Жастарға мүмкіндік беру керек деген стратегиялық ұстанымды түсінемін. Бірақ қазақта «Сүйреген ит аңға жарымас» деген сөз бар. Егер жас боксшы Қазақстан чемпионатында өз күшімен жеңіске жете алмаса, ертең Астанада өтетін әлем чемпионатында оны сүйреп шығару қиын болады.
Астанадағы әлем чемпионаты — стратегиялық маңызы зор жарыс. Қазір Азияда Үндістан мен Өзбекстаннан қалып келеміз, жасөспірімдер арасында да тоғызыншы орынға түсіп кеттік. Осындай жағдайда өз жерімізде өтетін әлем чемпионатында ұялмай бірінші орын алсақ, бұл бокстың тағы бір кейпін көрсетеді.
Бокс — қалаған спортшыңды алға шығаруға мүмкіндік бар спорт түріне айналмауы керек. Ертең Астанада ұтылған боксшымызды сүйреп жатпас үшін, бүгін дайындықты жақсартуымыз керек.
Әрине, төрешілік арқылы тең жекпе-жектерді өз пайдаңа шешудің қысқа жолы бар. Бірақ бұл әрдайым дұрыс шешім емес. Осындай әрекеттер жалғаса берсе, мықты бокс державасы мәртебесінен айырылып қалуымыз мүмкін», — деді.
