Қазақстанның U-17 құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінің бірінші турында өз тобында топ жарды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Топтық кезеңнің соңғы турында Қазақстан жасөспірімдері іріктеу турнирін қабылдаған Грузия құрамасымен кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті.
Матчтың 42-минутында алаң иелері Андриа Очигаваның голының арқасында есеп ашты. Алайда кездесудің соңына қарай қазақстандық футболшылар таразы басын теңестіре алды. 87-минутта Әли Садырбаев гол соғып, матчтың қорытынды есебін белгіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы Австрияны 7:0 есебімен ойсырата жеңген болатын. Осы жеңістің арқасында команда келесі кезеңге шығу мәселесін мерзімінен бұрын шешті.
Осылайша, екі матчтың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы төрт ұпай жинап, топта бірінші орынға жайғасты. Грузия екі ұпаймен екінші орын алса, Австрия бір ұпаймен үшінші сатыда қалды.
Іріктеудің екінші кезеңіне жеребе тарту рәсімі желтоқсан айында өтеді. Бұл кезеңде 28 құрама құрлықтық додаға берілетін жолдамаларды сарапқа салады.
Еске салайық, 2026 жылдың наурыз айында Қазақстанның U17 құрамасы өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатының шешуші іріктеу кезеңіне қатысқан еді. Сол кезде жас футболшылар Хорватия мен Нидерланд құрамаларын артта қалдырып, тарихи нәтижеге қол жеткізді.
