Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип пен Қазақстан футбол федерациясы келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Бұл туралы ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн Ұлттар лигасындағы ұлттық құраманың өнеріне арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Біз келісімшартты ұзартпаймыз. Енді Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне құраманы дайындайтын және ұзақ мерзімді жұмысқа дайын жаңа бас бапкерді іздейміз», — деді Скотт Манн.
Нидерландтық маман ұлттық құраманы 2026 жылдың тамыз айында Талғат Байсуфиновтың орнына қабылдаған еді. Оның алдында Қазақстан құрамасын Ұлттар лигасының В дивизионына қайтару міндеті тұрды. Алайда команда бұл тапсырманы орындай алмады.
Қазақстан құрамасы С3 тобындағы алты кездесудің қорытындысы бойынша үш ұпай жинап, төртінші орынға тұрақтады. Ұлттық құрама үш рет тең түсіп, үш кездесуде жеңіліс тапты. Осылайша, команда турнирде бірде-бір жеңіске жете алмады.
16 қарашада Астанада өткен соңғы ойында Қазақстан құрамасы екі рет есепте алға шыққанымен, жеңісті сақтап қала алмады. Ислам Чесноков есеп ашса, үзілістен кейін Роберт Боженик таразы басын теңестірді. Кейін Ян Вороговский Қазақстанды қайта алға шығарған еді. Алайда кездесудің 95-минутында Адриан Капралик есепті 2:2-ге жеткізді.
Айта кетейік, 62 жастағы Джон ван ’т Схип бұған дейін Грекия мен Армения құрамаларын жаттықтырған. Клубтық деңгейде «Аякс», «Твенте» және «Мельбурн Сити» командаларында қызмет атқарған.
