Оралдықтар жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы, дзюдошы Фатима Сұпығалиеваның жеңісін дүркіретіп атап өтті, деп жазады Sportbugin.kz.
Фатима Сұпығалиева Дакарда өткен жасөспірімдер Олимпиадасында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді. Финалдық белдесуде португалиялық София Гаспарды иппон әдісімен мерзімінен бұрын жеңіп, Олимпиада чемпионы атанды.
Айта кетейік, Фатима Сұпығалиева бұған дейін де Қазақстан дзюдосының тарихында айрықша із қалдырған еді. 2026 жылдың тамыз айында Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарды. Шешуші белдесуде украиналық Ксения Кирильчукті golden score кезеңінде иппон әдісімен жеңіп, Қазақстан тарихында қыздар арасынан шыққан тұңғыш дзюдодан әлем чемпионы атанды.
Осылайша, жас спортшы аз уақыт ішінде әлем чемпионаты мен жасөспірімдер Олимпиадасының алтынын қатар еншіледі.
