Қазақстандық киберспортшы Даниял Голубенконың Астана әуежайында лайықты қарсы алынбауы әлеуметтік желіде қызу талқыланды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Threads қолданушылары спортшыны әуежайдан күтіп алуға ресми тұлғалардың ешқайсысы келмегеніне наразылық білдірді. Сонымен қатар, пікір білдірушілер шетелдік жұлдыздар мен отандық спортшыларға көрсетілетін құрметті салыстырды.
«Шетелдік әншілер келгенде ғана домбырамен, бауырсақпен, ән-бимен қарсы алады», — деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Айта кетейік, Даниял «Molodoy» Голубенко өнер көрсететін FURIA командасы қараша айында Бухарестте өткен PGL Masters және Мальтадағы Thunderpick World Championship турнирлерінде де топ жарған еді. Осылайша, қазақстандық киберспортшы командасымен бірге қысқа уақыт ішінде үшінші ірі титулын жеңіп алды.
