Арменияның Ереван қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әскери спортшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан алғашқы жүлдесін алып үлгерді. Қазақстан армиясының Орталық спорт клубының басшысы, полковник Арман Әбеуов турнирге қатысты пікірін білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Қазақстан қарулы күштерін нығайту мақсатында әскерилер арасындағы әлемдік жарыстарға қатысу біздің алдымыздағы үлкен міндеттердің бірі. Армияшылардың орталық спорт клубына енетін балуандар Ереванда ел намысын абыроймен қорғап жатыр.
Кеше ғана Мейіржан Әшіров еліміздің даңқын асырып, әскери қызметкерлер арасында әлем чемпионы атанды. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш әрі жетістік. Әскери қызметкерлер арасындағы әлемдік жарыстарға қатысу біздің қарулы күшімізді нығайтып, рухын биіктетеді.
Келешек жастарды дайындау жолында әскери қызметкерлердің мұндай жетістікке жетуі аса маңызды», — дейді Арман Әбеуов.
Айта кетелік, Армениядағы әлем чемпионатында қазақстандық балуандар грек-рим, еркін және әйелдер күресінен сынға түсіп жатыр.