Станислав Черчесов футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетті. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Sportbugin.kz.
«Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен кетті. Еңбек шарты екі жақтың өзара келісімі бойынша тоқтатылды.
Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін 2024 жылдың маусымында ұстады. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасында 6 матч өткізіп, Норвегия құрамасымен тең ойнап, 1 ұпай жинады.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасынан жаттықтырушылар штабы толық құраммен кетті.
Қазақстан футбол федерациясы Станислав Саламұлы мен оның штабына атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, мансабына табыс тілейді!
Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне үміткерлер тізімі қарастырылып жатыр», — делінген ҚФФ ресми сайтында.
Ресейлік маман 2024 жылдың маусымында команда тізгінін қолға алған болатын. Черчесовтің жетекшілігімен Қазақстан құрамасы бірде-бір ойында жеңіске жете алмады. Команда бес рет жеңіліп, бір рет тең түскен.