Тараз қаласында ерлер мен әйелдер арасындағы бокстан Қазақстан чемпионаты жалғасып жатыр, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында шымкенттік Абзал Серік пен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы кездесті.
Жекпе-жектің алғашқы раундында Абзал Серік төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен басым түсті. Екінші раундта Мұхаммедсабыр Базарбайұлы таразы басын өзіне аударып, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Алайда шешуші үшінші раундта Абзал Серік басымдық танытып, қарсыласын жеңді. Осылайша, ол 65 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионы атанды.
Айта кетейік, Абзал Серік бұған дейін ширек финалда жастар арасындағы Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Нұрислам Қалдыбаевты жеңген болатын. Ал жартылай финалда 2025 жылғы әлем чемпионаты мен 2026 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллиновтен басым түсті.
