Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының вице-президенті Сұлтан Қасымов Sportbugin.kz сайтында жарияланған бапкер Нұрболат Жаңбыровтың мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді.
Бұған дейін таеквондодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бұрынғы бас бапкері Нұрболат Жаңбыров өзінің жұмыстан себепсіз қуылғанын айтып, сұхбат берген болатын.
«Таеквондодан (WT) құрамалардың жаттықтырушылар штабын алмастыру процесі былтырдан басталды. 2024 жылдың соңында ересектер құрамасының жаттықтырушылары толығымен ауысты. Дәл осындай жұмыс 2025 жылдың аяғында жастар мен жасөспірімдер құрамасына да жүргізілді. Федерация басшылығы тарапынан алдын ала жеке кездесулер өткізіліп, бапкерге кадрлық өзгерістердің себептері мен жаңа олимпиадалық цикл қарсаңында ротацияның қажеттілігі түсіндірілген болатын.
Жастар мен жасөспірімдер құрамаларына жаттықтырушылар рейтинг бойынша тағайындалды. Рейтингте жастар санаты бойынша көш бастаған үздік үштіктен павлодарлық жаттықтырушы аға жаттықтырушы қызметіне шақырту алды. Ашықтық пен әділдікті негізгі ала отырып, Федерация 2025 жылдың ақпан айында жаттықтырушылардың ашық рейтингін жүргізуді бастады. Онда жаттықтырушылар спортшыларының нәтижесіне орай бағаланып отырды. Жаттықтырушылар рейтингі республикамыздың түкпір-түкпіріндегі әр жаттықтырушының ұлттық құрамада жұмыс істеуге мүмкіндік жасау мақсатында жүрігізілетіні де барлық жаттықтырушыларға алдын ала ескертілді. Жаттықтырушылардың рейтингтегі орынын біздің барлық әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан көре аласыздар.
Таеквондодан Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрболат Жаңбыровтың өзінің өтініші негізінде ҚТФ ұсынысымен ҚР Күрес түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығымен келісім шарты тоқтатылды. Қазірде Жасөспірім және жастар санатындағы құрамалар Олимпиадалық даярлау орталығына қарасты.
Ал құрама жаттықтырушыларына және спортшыларға Әлем чемпионаты мен Азия чемпионаттарындағы нәтижелеріне орай тиісті сыйақы да үлестірілді. Жаттықтырушыларды алмастыру кезеңінде Федерация тарапынан ешқандай заң және құқық бұзушылық орын алмағанын ашып айта аламыз.
Өз кезегінде, біз, әрине, Нұрболаттың еңбегін жоққа шығармаймыз. Алайда, құраманы тек аға жаттықтырушы емес, сол спортшылардың жеке бапкерлері мен әр облыстың, мектептер мен клубтардағы жаттықтырушылар дайындайтынын, жетістік тек бірлескен командалық жұмыс нәтижесінде ғана келетінін ұмытпауымыз керек. Федерация да биыл барлық спортшыны соңғы үлгідегі спорттық жабдықтармен, электронды жүйелермен, спорт формаларымен, сондай-ақ, дәрігер мамандарымен қамтамасыз етті.
Тағы бір баса айта кетерлігі, Федерация өкілдері келісім шарты аяқталған жаттықтырушыларды облыстық дене шынықтыру басқармалары арқылы жұмыспен қамтамасыз етуге мұрындық бола алады. Себебі, біз өз спортымызды жаттықтырушылар мен спортшыларымыздың арқасында ғана дамыта аламыз», — деді Сұлтан Қасымов.
