Бокстан IBA әлем чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллинов өзбекстандық Олимпиада чемпионы Асаходжа Муйдинходжаевпен өткен кездесу туралы пікірін айтты. Бұл туралы Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
«Төрешілер Асаходжаның Олимпиада чемпионы деген атағына көп көңіл бөлген сияқты. Бірінші раундтан бастап, өзімді толық салып отырдым. Бізге жекпе-жектің есебі көрініп тұрды ғой. Бірінші раундта 4:1 есебі тіркелді, екінші раундта кәдімгідей ұрсам да, есеп 5:0 есебімен қарсыласқа кетті. Бұл раундта нокдаун болатындай соққылар кетті, Асаходжаның басы «ұша» бастады.
Тіпті, ұпайын алып тастайтындай жағдайлар болды. Қолымды ұстап алды, мен тарттым кейін. Төреші мұны көріп тұрса да, жай тоқтата салды. Бұл жайт бірнеше рет қайталанса да, ескерту бермеді. Егер ескерту беріп, ұпайын шегергенде, кездесудің ауаны бөлек болатын еді.
Үшінші раундта да солай. Төрешілердің көзіне Асаходжа Олимпиадаа чемпионы болып көрініп тұр, сондықтан, басқа шешім мүмкін емес. Төрешілерден ұтылдық», — деді Ертуған.
Фото: Сали Сабиров, ҰОК
